Мемлекеттік телеарна «Ирандағы өрт сөндірушілер дүйсенбі күні елдің ең ірі сауда портында 46 адамның өмірін қиған жарылыстан кейін өршіген өртпен күресіп жатыр», - деп хабарлады.
Жарылыс Иранның оңтүстігіндегі стратегиялық Ормуз бұғазының жанында орналасқан Шахид Раджаи портында болды. Бұл су жолы арқылы әлемдік мұнай өндірісінің бестен бірі өтеді.
«IRNA» ақпарат агенттігі Хормозган провинциясының дағдарысты басқару директоры Мехрдад Хасанзадеге сілтеме жасай отырып, «Шахид Раджаи портындағы өрттен қаза тапқандар саны 46-ға жетті», – деп хабарлады.
Ресми өкілдер 1000-нан астам адамның жарақат алғанын айтқан болатын, бірақ Хасанзаде олардың көбісі емделіп, үйлеріне жіберілгенін мәлімдеді. «Тек 138 жаралы әлі де ауруханада жатыр», – деді Дағдарысты басқару директоры
Иран Қызыл Жарты айынан алынған кадрларда өрттің бір бөлігінен жалынның үстінен қою көмір тәрізді қара түтіннің көтеріліп, өрт сөндіру тікұшағының аймақтың үстінен ұшып бара жатқанын көруге болады.
Жарылыстың нақты себебі әлі анықталмағанымен, порттың кедендік кеңсесі бұл қауіпті және химиялық материалдар сақталған қоймада басталған өрттен болуы мүмкін деп мәлімдеді. Иранның рухани көшбасшысы Али Хаменеи оқиғаға қатысты немқұрайлылық немесе қасақана әрекет бойынша тергеу жүргізуді бұйырды.
Адамдар жанын құтқару үшін қашты
Әлеуметтік желілерде тараған бейнебақылау камераларының жазбаларында оқиғаның біртіндеп басталғаны көрсетілген. Алдымен кішкентай өрт пен қызғылт-қоңыр түтін пайда болып, содан кейін үлкен жарылыс болған. Видеоларда өрттің қойма алдындағы контейнерлер арасында басталғаны байқалады.
Кішкентай жүк көтергіш машина түтін шыққан жердің жанынан өтіп бара жатқанда адамдар жақын жерде жүрген. Өрт пен түтін көрінгеннен кейін шамамен бір минут сегіз секунд өткен соң, үлкен жарылыс болған.
Жексенбі күні президент Масуд Пезешкиан жақын маңдағы Бандар Аббас қаласындағы жараланғандар емделіп жатқан ауруханаларға барды. Жарылыстан кейін билік аймақтағы барлық мектептер мен кеңселерді жабуды бұйырып, тұрғындарға қосымша хабарламаға дейін сыртқа шықпауға және қорғаныс бетперделерін қолдануға кеңес берді.
Қорғаныс министрлігінің өкілі Рыза Талайи-Ник мемлекеттік телеарнаға берген сұқбатында «Аймақта әскери отын және әскери мақсатқа әкелінетін немесе экспортталатын жүк жоқ», - деді. Ресей өртті сөндіруге көмектесу үшін маман жіберді.
Билік өкілдері дүйсенбі күнін ұлттық аза тұту күні деп жариялады, ал Хормозган провинциясында жексенбі күнінен бастап үш күндік аза тұту басталды. Жарылыс Иран мен АҚШ делегацияларының Омандағы Тегеранның ядролық бағдарламасы бойынша жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізіп жатқан кезінде болды.