Күн cәулесімен жарқыраған жағалаулар, уақыттың сынынан өткен археологиялық қазыналар және Еуропа мен Азияны бірлестірген мәдениет Түркияның туризм секторын рекордтық деңгейлерге жеткізді.
Әлемдік саяхат және туризм кеңесінің (WTTC) мәліметіне сәйкес, биыл туризм саласы Түркия экономикасына шамамен 5,2 триллион түрік лирасы көлемінде үлес қосады деп күтілуде. Бұл көрсеткіш елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) шамамен 12%-ына тең.
Кеңестің жаңа есебінде саланың өткен жылмен салыстырғанда 5,2 миллиард доллардан астам өсім көрсететіні болжанып отыр.
Кеңестің бас директоры Джулия Симпсон Түркияның туризмді дамытудағы стратегиялық ұстанымын жоғары бағалады.
Анадолы агенттігіне берген сұхбатында Симпсон: «Түркияның алға қойған көреген саясаты туризмдегі өсуіне айтарлықтай үлес қосты. Түркия өзін әлемдік туризм картасында танымал бағыт ретінде орнықтыра алды. Түрік Әуе жолдары әлемде ең көп бағытқа ұшатын әуе компаниясы және бұл Түркияның жақсы тасымалдау желісіне ие екенін көрсетеді. Тасымалдау желісінің маңызы зор», – деді.
Симпсон сөзін жалғастырып, «Түркия — қауіпсіз ел. Саяхатшылар өздерін қауіпсіз сезінуі керек, ал Түркия — саяхат үшін өте жақсы әрі қауіпсіз мемлекет», – деп қосты.
Ол сонымен бірге «Түркияның табиғи сұлулығы керемет. Әсіресе Анталия жағалауы ерекше әсем. Сондай-ақ ежелгі тарихи мұралар бар. Бұл – шығыс пен батыс тоғысқан орын», – деді.
Туризм — “нағыз игілік күші”
Кеңестің зерттеуі жергілікті және шетелдік туристердің де бұл өсімге үлес қосатынын болжайды.
2025 жылы шетелдік туристердің шығындары 67,7 миллиард долларға жетеді деп күтілуде, бұл Түркияның халықаралық аренадағы өсіп келе жатқан танымалдығын көрсетеді.
Сонымен қатар жергілікті туристердің шығындары 36,5 миллиард долларға жетуі мүмкін, бұл елдің қарқынды ішкі туризм нарығының айқын көрінісі.
Есепте сондай-ақ 2025 жылы Түркиядағы саяхат және туризм саласы шамамен 3,3 миллион адамды жұмыспен қамтиды және елдегі жалпы жұмыспен қамтудың 10%-дан астамын қамтамасыз етеді деп болжанып отыр.