АҚШ президенті Дональд Трамп сәрсенбі күні Ақ Үйде журналистерге берген cұхбатында Украинадағы соғысты аяқтау үшін Ресей президенті Владимир Путинмен де, Украина президенті Владимир Зеленскиймен де келісімге келгенін айтты.
Алайда Трамп сол күні жасаған мәлімдемесінде Зеленскиймен келісімге келудің әлі де қиын екенін меңзеп, украиналық көшбасшыны Путиннен де күрделі қарсылас ретінде сипаттады.
Сонымен қатар Зеленский Украина Қырымды Ресейдің жері деп мойындамайтындықтан АҚШ-тың сындарына қарсы шықты.
АҚШ президенті Трамп сәрсенбі күні таңертең “Truth Social” платформасында жариялаған жазбасында Зеленскийдің Қырым туралы «мызғымас ұстанымының» жалғасып жатқан бейбіт келіссөздерге «айтарлықтай зиян» келтіріп отырғанын айтты.
«Ешкім Зеленскийден Қырымды Ресей жері ретінде мойындауды сұрап жатқан жоқ», – деді Трамп.
«Алайда егер Қырым соншалықты маңызды болса, неге он бір жыл бұрын олар Ресейге бір оқ атпастан берілген кезде соғыспады?» – деп сұрақ қойды ол.
Киевте өткізген баспасөз мәслихатында Зеленский бұл мәселеге қатысты «талқылайтын ештеңе жоқ» деп, мұндай келісімнің ел Конституциясына қайшы болатынын айтты.
Зеленский Трамптың мәлімдемесіне жауап ретінде “X” платформасында жариялаған жазбасында: “Украина әрқашан Конституциясына сай әрекет етеді және АҚШ қоса алғанда серіктестеріміздің де күшті шешімдерге сәйкес әрекет ететініне сенімдіміз.”- деді.
Зеленскийдің жазбасында сондай-ақ 2018 жылы сол кездегі АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео жариялаған Қырым декларациясының фотосуреті де қоса берілген. Онда АҚШ-тың 2014 жылы Қырымның Ресей тарапынан аннексиялануына қарсы екені және «Украинаның аумақтық тұтастығы толық қалпына келтірілгенге дейін бұл саясатты жалғастыратыны» жөніндегі уәдесі көрсетілген.
Лондон келіссөздері
Зеленский сәрсенбі күні Лондонда Франция мен Ұлыбританияның бастамасымен өткен бейбіт келіссөздер туралы да пікір білдіріп, Киевтің мұндай бірлескен қадамдардың елінде «тұрақты бейбітшілік» орнататынына үміт артатынын айтты.
Зеленский: «Бүгінгі кездесу ерекше толқынысқа толы болды. Бірақ Украина, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Германия сияқты бес елдің бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін бас қосуы – тамаша жағдай.» – деді.
Сондай-ақ Зеленский: «Тараптар өз көзқарастарын білдірді және бір-бірінің қазіргі ұстанымдарына құрметпен қарады. Әрбір тараптың жай қатысып қана қоймай, шешімге үлес қосып отырғаны ерекше мәнге ие», – деп қосты.
Украина Премьер-министрі Денис Шмыгаль де сәрсенбі күні жасаған мәлімдемесінде Киевтің АҚШ-пен экономикалық серіктестік туралы келісімді аяқтауды қолдайтынын және Украинаны қалпына келтіруге бағытталған инвестициялық қор құру жөніндегі техникалық келіссөздерді аяқтау үшін жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Шмыгаль Вашингтонда АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессентпен кездескеннен кейін “X” платформасында жариялаған жазбасында: «Мен Украина үкіметінің экономикалық серіктестік туралы келісімді аяқтауы және елді қалпына келтіруге арналған инвестициялық қор құруын қолдайтынын атап өттім», – деді.