АҚШ сенаторы Эд Марки “Fulbright” бағдарламасының стипендиаты, Түркия азаматы Румейса Өзтүріктің көші-қон органдары тарапынан қамауға алынуын айыптап, бұл жағдайды «ұлттық масқара» деп атады және оны Трамп әкімшілігінің «авторитарлық қысымының бір бөлігі» деп сипаттады.
Марки, Өкілдер палатасының мүшелері Аянна Пресли және Джим Макговернмен бірге сәрсенбі күні Луизианада орналасқан АҚШ Көші-қон және кедендік бақылау (ICE) орталығына барып, содан кейін Бостон Логан халықаралық әуежайында журналистерге мәлімдеме жасады.
АҚШ Конгресінің мүшелері ICE бақылауында ұсталып отырған Өзтүрік және Палестина текті америкалық Махмуд Халилмен кездесуге Луизианаға барған болатын.
«Өзтүрік ешқандай айып тағылмастан қамауға алынды»
Тафс университетінде балалар мен адам дамуы саласында докторантурада оқып жатқан Өзтүрік 25 наурыз күні Массачусетс штатының Сомервилл қаласындағы пәтерінің алдында ICE агенттері тарапынан бетперде киген күйде тұтқындалған.
Маркидің айтуынша, Өзтүрікке ешқандай ресми айып тағылмаған және федералды билік өкілдері оның қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретініне қатысты ешбір дәлел келтірмеген.
Марки мәлімдемесінде: «Ол бізге қорыққанын айтты. Оған дөрекілік көрсетілген. Трамп әкімшілігі істеп отырған бұл әрекет көші-қон ережесін орындау емес, бұл – авторитарлық көзқарас. Бұл адамдар – саяси тұтқындар. Біз адам құқықтарының өрескел әрі алаңдатарлық бұзылуына куә болып отырмыз, – деді.
«Заңға қайшы, қорқынышты жағдайда қамауда ұсталуда»
Өкілдер палатасының мүшесі Аянна Пресли де өз алаңдаушылығын білдіріп, Өзтүрік пен Халилдің тұтқындалуын «қатігез» әрі «әділетсіз» әрекет деп атады. Пресли олардың екеуі де Луизианадағы ICE басқаруындағы мекемелерде «заңға қайшы, қорқынышты жағдайда» ұсталып отырғанын мәлімдеді.
Преслидің айтуынша, Өзтүріктің қылмыстық тарихы болмаса да, ол әдейі нысанаға алынған. Ал Колумбия университетіндегі наразылықтарға қатысқаны үшін тұтқындалған Халил — АҚШ-та тұруға рұқсаты бар, Палестинаны қолдайтын белсенді. Оған да ешқандай ресми айып тағылмаған және бірінші баласының дүниеге келуіне қатысу үшін уақытша босатылу туралы өтініші қанағаттандырылмаған.
Пресли: «Ол тек сөз бостандығы құқығын пайдаланды. Бұл – әділет емес. Бұл – саяси ұстанымды жазалау», – деді.
Трамп әкімшілігі сирек қолданылатын заң бабын іске қосып отыр
Трамп әкімшілігі бұл жағдайда көші-қон заңнамасындағы өте сирек қолданылатын және адамдарды елден шығарып жіберуге мүмкіндік беретін бапты қолданып отыр. Адам құқықтарын қорғаушылар мен құқықтық сарапшылар бұл баптың бейбіт наразылық пен сөз бостандығына қатысты істерде қолданылуына қатты наразылық білдіруде.
Өзтүрік те, Халил де қамауға алу шешіміне сот арқылы қарсы шығып, өз құқықтарын қорғау үшін күресуде. Өзтүріктің заңгерлік тобы оның академиялық жұмыстары мен жазбалары АҚШ Конституциясының 1-ші түзетуі аясында қорғалуы тиіс деп есептейді.
«Біз бұл күрестен бас тартпаймыз»
Өкілдер палатасының мүшесі Джим Макговерн де бұл тұтқындаулардың АҚШ Конституциясына және халықаралық адам құқықтарына қайшы келетінін айтып, шешімдерді айыптады.
Макговерн: «Бұл – моральға да, заңға да қайшы. Трамп әкімшілігі студенттер мен белсенділерді түрмеге жауып, оппозицияны үнсіз қалдырғысы келеді. Бұл адамдар босатылмайынша, біз бұл күресті тоқтатпаймыз», – деді.
АҚШ заң шығарушы органының мүшелері үкіметке қысым жасауды жалғастыратынын және бұл істерді қоғам мен Конгресстің назарына жеткізуге күш салатынын айтты.