Түркияның Қазына және Қаржы министрі Мехмет Шимшек Вашингтонда АҚШ-тың Қаржы министрі Скотт Бессентпен кездесіп, екі ел арасындағы өзара сауда, инвестиция, қорғаныс және энергетика салаларындағы аймақтық ынтымақтастықты арттыру мәселелерін талқылады.
Сәрсенбі күні Вашингтонда өткен бұл кездесуде Түркияның Қазына және Қаржы министрі Мехмет Шимшек пен АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мен аймақтық стратегиялық әріптестік мәселелерін қарастырды. Кездесу туралы мәлімдемені Түркия Қазына және Қаржы министрлігі жариялады.
Кездесуге Түркия Республикасы Орталық банкінің төрағасы Фатих Карахан да қатысты. Ресми тұлғалар бұл кездесуді «конструктивті атмосферада» өтті деп сипаттады. Екі тарап та НАТО аясында одақтас елдер Түркия мен АҚШ президенттері Режеп Тайып Ердоған мен Дональд Трамптың көпқырлы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ортақ саяси ерік-жігерін қуаттады.
Тараптар сауда, инвестиция және энергетика салаларына басымдық берді
Кездесулер инвестиция, сауда, көлік және энергетика сияқты негізгі секторларда ынтымақтастықты арттыруға бағытталды. Министр Шимшек әсіресе қорғаныс өнеркәсібі саласындағы екіжақты ынтымақтастықты артыру үшін қазіргі шектеулерді жоюдың маңызын атап өтті. Бұл мәселе екіжақты қатынастарды тереңдетуге бағытталған нәзік, бірақ шешуші сала ретінде бағаланады.
Түрік делегациясы сондай-ақ Түркияның экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған қазіргі күш-жігері туралы жан-жақты ақпарат ұсынды. Министр Шимшек Анкараның «сақтықпен жүргізілетін және орнықты макроэкономикалық саясаттар» жөніндегі ұстанымын Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің көктемгі жиыны секілді соңғы халықаралық форумдарда да қайта растағанын жеткізді.
Тараптар сондай-ақ аймақтық өзекті мәселелерді де талқылады. Түркиялық ресми өкілдер Сирияға қатысты санкцияларды алып тастау қажеттігін баса айтып, Түркияның Украинада бітімге қол жеткізуге бағытталған қазіргі дипломатиялық күш-жігерін баяндады.
100 миллиард долларлық сауда мақсаты
Аталған кездесулер Түркия мен АҚШ арасындағы экономикалық қатынастардың өрлеу кезеңіне тұспа-тұс келді. Екі ел үкіметі де екіжақты сауда айналымын 100 миллиард доллар деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі міндеттемелерін тағы бір мәрте растады. Бұл мақсат соңғы дипломатиялық байланыстарда да жиі атап өтілген болатын.
Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон сапары аясында талқыланған нақты бастамаларды алға жылжыту үшін алдағы айларда осы тақырыптарға арналған техникалық кездесулер өтеді. Түркия аймақтық экономикалық және стратегиялық ойыншы ретінде өзін қайта орнықтыруды жалғастырып жатқан тұста Вашингтонмен нығайтылған әріптестік бұл бағыттағы ұмтылыстарда шешуші рөл атқаруы мүмкін.