Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибига «Анадолы» агенттігіне берген сұқбатында Түркияның Ресей-Украина соғысындағы аймақтық тұрақтылықты сақтаудағы және әділ әрі тұрақты бейбітшілікке серпін берудегі рөлінің «баға жетпес» екенін атап өтті. Сибига Белекте өткен Анталия дипломатия форумында «Түркияның әсіресе Президент Режеп Тайып Ердоғанның бейбітшілікке бағытталған рөлі өте маңызды. Біз мұны жоғары бағалаймыз және бұл рөлдің жалғасатынына үміттенеміз», – деді.
Ол Анкара мен Киев арасындағы қауіпсіздік және экономика саласындағы тығыз ынтымақтастықты атап өтіп, «Түркия мен Украина арасындағы қарым-қатынас ̶ екі тарап үшін де жемісті серіктестік. Біз әділ және тұрақты бейбітшілікті мақсат етеміз. Түркия сияқты серіктестердің қолдауына сенеміз», – деді.
Сыртқы істер министрі соғыс басталғаннан бері басып алынған аймақтардың жартысы қайтарылғанын, бірақ әлі де 20 пайызы қалғанын атап өтті.
Сибига Дүниежүзілік банк деректері бойынша Украинадағы соғыстың күнделікті шығыны 220 миллион доллар екенін, ал ұлттық инфрақұрылымға келтірілген шығын 600 миллиард долларға жеткенін мәлімдеді.
«Болашақта ауқымды қайта құру және инвестициялық жобалар болады. Біз бұл процесте түрік компанияларын көргіміз келеді», - деп қосты ол.
«Анталия дипломатия форумы жай ғана конференция емес, сарапшыларды тыңдау мүмкіндігін ұсынатын, пікір алмасатын, жаңа идеялар тудыратын, маңызды кездесулер өткізетін және болашақ трендтерді қалыптастыратын алаң», - деді министр.