«Испанияның электр желісі операторы елдің жартысына жуығының электр қуатын қалпына келтірді, елдің қалған бөлігі сейсенбіден бастап қалыпты жағдайға оралады», - деді Испания премьер-министр Педро Санчес. Санчес телеарнаға берген сұқбатында биліктің дүйсенбі күні кешке электр қуатының үзілуінің себебін әлі анықтамағанын және ешбір болжамды жоққа шығармайтынын айтты.
Португалия премьер-министрі Луис Монтенегру елде электр қуаты бірнеше сағат ішінде толық қалпына келтірілетінін айтты. Иберия түбегіндегі электр қуатының үзілуі оқиғасына қарамастан, барлық мемлекеттік қызметтер жұмысын жалғастырғанын мәлімдеді.
«Электр желісіндегі ауқымды үзіліс елден тыс жерде, Испаниядағы жағдайға байланысты болуы мүмкін», - деді Монтенегру баспасөз мәслихатында. Монтенегру сондай-ақ электр қуаты ел бойынша алдағы бірнеше сағат ішінде қалпына келтірілетінін айтты.
Еуропалық Кеңес төрағасы Антонио Кошта қазіргі уақытта Испания мен Португалиядағы кең ауқымды электр үзілістеріне байланысты кибершабуылдың білгілері жоқ екенін мәлімдеді. Коста Испания мен Португалиядағы электр қуатының үзілуіне байланысты Санчес және Монтенегрумен телефон арқылы сөйлескенін атап өтті. «Екі елдің желі операторлары үзілістің себебін анықтап, электр қуатын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі уақытта кибершабуылға қатысты ешқандай белгі жоқ», – деп жазды ол «X» әлеуметтік желісінде.
Дүйсенбі күні түстен кейін Португалия, Испания және Франция мен Испания арасындағы шағын мемлекет Андоррада электр қуаты үзілген болатын. Бұл жағдай Францияның кейбір аймақтарына да әсер етті. Билік өкілдері электр үзілісінің себептерін зерттеуде. Испанияның Ұлттық Киберқауіпсіздік институты да кибершабуылдың ықтимал себептерін зерттеп жатыр.