Израильдің Шин Бет қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы басшысы «Премьер-министр Беньямин Нетаньяхуды Газадағы тұтқындарды ұмытып, жеке басының пайдасы үшін билікті сақтап қалуға тырысуда» деп айыптады.
«Ақиқатында Газадағы тұтқындарымыз үкіметтің мессиандық идеологиясы мен Беньямин Нетаньяху сияқты билікті жеке пайдасы үшін сақтап қалуға тырысқан премьер-министрдің құрбаны болды», – деді Ами Аялон сейсенбі күні «Guardian» газетінде жарияланған мақаласында.
«Біздің үкімет мемлекеттің демократиялық функцияларын әлсіретіп, өз билігін нығайтуға және қорғауға тырысуда. Бұл бізді әскери мақсатсыз, тек өмір мен өшпенділіктің жоғалуына әкелетін мәңгілік соғысқа мәжбүрлеуде», - деді ол.
Аялонның айтуынша Израиль халқының 70 пайызы тұтқындарды қайтару үшін соғысты тоқтатып, бұл үкіметті ауыстыру үшін мүмкіндігінше тезірек сайлау өткізу керек деген пікірде.
Бұрынғы қауіпсіздік басшысы мыңдаған әскери және барлау қызметкерінің Израильдің Газаға қарсы соғысын тоқтатып, тұтқындарды қайтаруды талап еткен хаттар мен петицияларға қол қойғанын атап өтті.
Тұтқындарды қайтару және соғысты тоқтату туралы петициялар
Израильдің соңғы мәліметтеріне сәйкес Газа тұтқындарын қайтару және соғысты тоқтату туралы петицияларға шамамен 150,000 израильдік қол қойған.
«Бізге мемлекеттің құрылымын жоюға тырысқан экстремистік үкімет емес, Израиль халқына қолдау білдіру үшін шетелдегі достарымыз қажет», - деді Аялон. Ол Нетаньяху билігі кезінде Израиль экзистенциалдық қауіпке тап болып отырғанын атап өтті.
«Егер біз жеткілікті серпінмен дұрыс бағыт алмасақ, Израильдің еврей және демократиялық мемлекет болып қалуы екіталай», - деді.
Қазіргі уақытта Израиль Газадағы қалған 59 тұтқынның 24-і тірі деп санайды. Сонымен қатар Израиль түрмелерінде 9500-ден астам палестиналық қамауда отыр. Олардың арасында азаптау, аштық және медициналық немқұрайлылықтан қайтыс болғандар туралы көптеген дерек бар.
Палестиналық тойтарыс тобы ХАМАС пен Израиль арасындағы Мысыр, Катар және АҚШ-тың қолдауымен жасалған бастапқы атысты тоқтату және тұтқын алмасу келісімі 19 қаңтарда басталып, өткен айда Израиль тарапынан бұзылған болатын.
2023 жылдың қазан айынан бері Израильдің Газаға жасаған шабуылдарынан 52300-ден астам палестиналық қаза тапты. Олардың көпшілігі әйелдер мен балалар.
Халықаралық қылмыстық сот өткен жылдың қараша айында Нетаньяху мен оның бұрынғы Қорғаныс министрі Йоав Галлантқа Газаға қатысты әскери қылмыстар мен адамзатқа қарсы қылмыстар үшін қамауға алу ордерін шығарды. Сондай-ақ Израильдің Халықаралық сотта ісі қаралуда.