САЯСАТ
3 минут оқу
Лавров: "Ресей келісімге келуге дайын"
Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров бейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде Мәскеудің Украинадағы соғысқа қатысты келісімге келуге дайын екенін айтты.
Лавров: "Ресей келісімге келуге дайын"
/ Reuters
25 Сәуір 2025

Бұл мәлімдеме АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресей президенті Владимир Путинге шабуылдарды тоқтату жөнінде үндеу жолдауынан кейін жасалды. Трамптың бұл үндеуі Киевке қарсы бірнеше айдан бергі ең жойқын шабуылдардан соң айтылған сирек сын ретінде қабылданды.

Лавров “CBS News” арнасына берген сұхбатында:
“Біз келісімге келуге дайынбыз, бірақ әлі де нақтылануы тиіс жекелеген мәселелер бар, қазіргі кезде солармен айналысып жатырмыз”, – деді.

Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф жұма күні Ресейге барып, Путинмен атысты тоқтату жөнінде келіссөз жүргізуі күтілуде. Лавров келіссөздердің дұрыс бағытта жүріп жатқанын және Вашингтонмен келіссөздердің жалғасатынын айтты.

Ол сондай-ақ: “АҚШ президенті – бұл жағдайдың түпкі себептерін қарастыру қажет екенін мойындаған әлемдегі жалғыз көшбасшы”, – деді. Алайда Лавров Трамптың келісім шарттарына қатысты нақты мәлімет бермегенін атап өтті.

Трамп болса бейсенбі күні таңертең Киевке жасалған зымыран және дрон шабуылдарынан кемінде 12 адам қаза тапқан соң, Путинге тікелей үндеу жасады. Бұл шабуылдар Трамптың қантөгісті тезірек тоқтату әрекеттеріне қарамастан Ресейдің бейбіт тұрғындарды нысанаға алған кезекті соққысы болды.

Трамп әлеуметтік желідегі жазбасында: “Ресейдің шабуылдарына наразымын. Бұл шабуылдар қажетсіз әрі уақыты өте сәтсіз болды. Владимир, ТОҚТА!”, – деп жазды.
Ресейді қолдайды деп сынға ұшыраған Трамп, Украина президенті Владимир Зеленскийді де жиі сынап келген.

Журналистер Ресейдің соғысты тоқтату мақсатында келіссөздер барысында қандай ымыраларға баратынын сұрағанда Трамп: “Бүкіл елді алудан бас тарту – бұл айтарлықтай үлкен ымыра”, – деп жауап берді.

Ресей 2022 жылы Украинаға кең ауқымды басқыншылықты бастап, елді бірнеше күн ішінде жаулап алуды көздеген болатын. Алайда содан бері екі тарап та ауыр шығынға ұшыраған ұзаққа созылған соғыс тығырығына тіреліп отыр.

Қырым мәселесі

Зеленский соңғы шабуылдардан кейін Оңтүстік Африкаға жасаған сапарын үзіп, Киевке оралды. Ол Путинді толық және сөзсіз бітімге келуге мәжбүрлеу жолында Киевтің одақтастары жеткілікті күш жұмсап жұмсамағанына байланысты пікір білдірді.

Зеленский Трамптың бұған дейін Мәскеуге егер қақтығысты тоқтатпаса, бұның жауапсыз қалмайтыны туралы жасаған ескертуін еске салып: “Ресейге қарсы нақты қысым немесе жаңа санкциялық пакеттер көріп тұрған жоқпын”, – деді.

Трамп сәрсенбі күні Зеленскийді Ресейдің Қырымға қатысты талаптарын мойындаудан бас тартқаны үшін бейбітшілікке қол жеткізуге кедергі келтіріп отыр деп айыптады. АҚШ президенті Қырымның “бұрыннан айырылып қалған” аумақ екенін айтты.

Мәскеу Қырым түбегін 2014 жылы аннексиялаған болатын.
Зеленский Қырымға қатысты сұраққа жауап бере отырып, “Біз серіктестеріміз ұсынған барлық қадамды жасап жатырмыз, бірақ заңдарымызға және Конституциямызға қайшы келетін нәрсені орындай алмаймыз”, – деп мәлімдеді.

Ал НАТО Бас хатшысы Марк Рютте бейсенбі күні келіссөздерде ілгерілеу міндеті Киевте емес, Мәскеуде екенін айтты.
Рютте Трамппен Ақ Үйдегі кездесуден кейін жасаған баспасөз мәслихатында: “Доп енді Ресей алаңында”, – деді.

“Үйінді астынан шығарды”

Сәрсенбі түні мен бейсенбі таңында Ресей Украинаға кемінде 70 зымыран және 145 дрон атқанын хабарлады. Украина Әуе күштерінің мәлімдеуінше, бұл шабуылдардың басты нысанасы Киев болған.

Украинаның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі: “Жергілікті уақыт бойынша сағат 17:30-да Киевтің Святошин ауданы бойынша қаза тапқандар саны 12-ге, жараланғандар саны 90-ға жетті”, – деп мәлімдеді.
Мекеме Ресейдің шабуылдары кезінде зымыран отыны мен оқ-дәрі шығаратын кәсіпорындар секілді Украина қорғаныс өнеркәсібінің нысандарына соққы жасалғанын да айтты.

Лавров шабуылдарға қатысты сұраққа “CBS News” арнасына берген сұхбатында:
“Біз тек әскери нысандарға немесе әскери мақсатта пайдаланылып жатқан азаматтық нысандарға соққы жасаймыз. Егер бұл Украина армиясы қолданатын нысан болса, Қорғаныс министрлігі мен әскери қолбасшылары оған атқылау құқығына ие”, – деді.

Украина Ресейдің үш жылға созылған шабуылдары барысында негізінен әуе шабуылдарынан зардап шекті, бірақ басқа қалалармен салыстырғанда әуе қорғанысы мықты болған Киевке жасалған шабуыл сирек жасалады.

Президент Владимир Зеленский Ресейдің бұл жолы Солтүстік Кореяда жасалған баллистикалық зымыран қолданғанын мәлімдеді.
Киев тұрғыны 33 жастағы адвокат Олена Давидюк “AFP” агенттігіне берген сұхбатында: “Терезелер сынған, есіктер топсаларынан ажырап кеткен. Адамдар үйінді астынан шығарылып жатты”, – деп айтты.

Зеленский Киевке жасалған шабуылдан кейін бейсенбі күні ресейлік күштердің Украина әскерінің алдыңғы шептеріне де шабуыл жасағанын айтты.
“X” платформасындағы жазбасында ол: “Негізінен ресейліктер ауқымды шабуылдарды пайдаланып, жаппай құрлық шабуылдарын бастауға тырысты. Қарулы күштеріміздің басым бөлігі зымыран мен дрон шабуылдарынан қорғануға жұмылдырылғанда Ресей құрлықтағы шабуылдарын едәуір күшейтті”, – деді.

 

Іздеу
Австралияның оңтүстік-шығысында орман өрттері күшейіп, кең аумақтар жанып жатыр
Израильде әлеуметтік тұрғыда оқшауланған еврейлерді Иран қалай тыңшы ретінде тартты?
Қытайдың Африкадағы ықпалын бұзу күресінде Вашингтон қалай жеңілді?
2024: Газа, Украина және басқа аймақтардағы қақтығыстар жылы
Менің досым Айшенұр әділет пен Палестина бостандығы үшін батыл қорғаушы болды
Израильдің негізін қалаған сионистік лаңкестікке көзқарас
Корея соғысының 70 жылдығы: Оңтүстік Корея халқы әлі де құрметпен еске алатын түрік сарбаздары
Газада бітім: Әлсіз үміт
Израильдің геноцидтік соғысы мұсылмандардан кейін христиандарды да жалмауда
Голан жоталарының маңыздылығы және Израильдің бақылауға алу әрекеттері
Путин: «Егер Украина батыстан ядролық қару алса, Ресей қарудың барлық түрін пайдаланады»
Германия экономикасы неліктен құлдырауда?
Трамп-Нетаньяху қарым-қатынасында жаңа дәуір: адалдық пен шиеленіс
«Өлгім келді»: Асад түрмелерінен аман қалған тұтқын түрмедегі азаптауларды баяндады
Стармер Блэр дәуіріндегі саясатты жаңғыртып, Палестина тақырыбында британдықтардға опасыздық жасауда
TRT Global-ға шолу. Пікіріңіз біз үшін маңыз.
Contact us